4 маусым күні №27 И.Тайманов атындағы орта мектебінде 11-сынып бітіруші жас түлектерге арналған “Сәт сапар, Жас Түлек!” атты аттестат тапсыру рәсімі және соңғы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Косымбаева Ару Сундетовна түлектерге бойларындағы күш-жігерлеріне деген сенімділікті жоғалтпай, алға қойған мақсаттарына жетудегі ұмтылыс пен әрбір бастамаларына сәттілік тіледі.
Бүгінгі салтанатты сәтте білім ордасын 32 оқушы мектеп бітіріп, 4 оқушыға “Алтын белгі” және барлық оқушылар жалпы орта білім туралы аттестаттары және жекелеген пәндер бойынша мақтау қағазы, мектеп өмірінде қоғамдық жұмысқа араласқаны үшін “Диплом” табыс етілді. Түлектер алтын ұя мектебі мен білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына арнаған жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мектеп бітіруші түлектер мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызу акциясын жалғастырды.